Ішкі нарықта отандық полипропиленнің үлесі артып келеді

Фото: «ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың бірінші жартысында еліміздегі полипропилен нарығындағы басты ойыншыға айналған Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) ішкі нарықтағы үлесін 70 пайыздан асырып, 2024 жылғы 57%-бен салыстырғанда айтарлықтай серпіліс жасады. Бұл жетістік – ҚазМұнайГаз бен СИБУР арасындағы стратегиялық серіктестіктің нәтижесі. 

Атыраудағы зауыт 2025 жылдың бес айында 175 мың тонна өнім өндіріп, маусым айының соңына дейін 19 мың тоннаға жуық көлемі ішкі нарықта сатылады деп жоспарланып отыр. Бұл – бұрынғы жылдардың жылдық көлеміне тең көрсеткіш. KPI-дың бірнеше жыл бойы қалыптастырған сенімді серіктестік жүйесі мен тұтынушыға бағытталған қызметі ел ішіндегі өңдеу саласының жандануына түрткі болды. Тек 2025 жылдың алғашқы бес айында ішкі сұраныс 28%-ға өсті. 

KPI іске қосылған 2022 жылдан бері еліміздегі полимер өнімін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар саны 80-нен 130-ға артып отыр. Оның ішінде кейінгі екі жылда жаңадан құрылған компаниялар ішкі нарықтағы KPI сату көлемінің төрттен бірін құрайды. 

Компания табысының басты себептерінің бірі – заманауи технологиялық база. СИБУР-мен әріптестік нәтижесінде бұрын елде өндірілмеген он бір түрлі полипропилен маркасы игерілді. Бұл – жергілікті өндіріс үшін қажетті шикізатты ел ішінде қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Инженерлік бөлшектерден бастап, тоқыма мен қаптамаға дейін түрлі саладағы кәсіпорындар үшін бұл маңызды қадам болды. 

2022 жылға дейін ел сұранысының 60 пайыздан астамы шетелдік импортқа тәуелді болса, бүгінде KPI ішкі қажеттіліктің негізгі бөлігін өтеп, экспорттық бағытта да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстандық полипропилен бүгінде Еуропа, Түркия, Ресей мен Қытайға жөнелтіледі. 

Алайда өндірісті одан әрі дамыту үшін шикізат жеткілікті болу жеткіліксіз. Инфрақұрылым, технология, мамандар мен кәсіпкерлікті қолдайтын жүйелі бағдарлама қажет. Осы тұрғыда KPI өз миссиясын тек өндіруші ретінде емес, сала қалыптастыратын индустриялық серіктес ретінде қарастырып отыр. Компания полипропиленнен дайын өнім шығару ісін елде жолға қоюға ниетті кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.