Ішкі туризм 84,4% өсті: шетелге шығу қымбаттады ма, әлде қазақстандықтардың талғамы өзгерді ме

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ішкі туризм соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Ресми деректерде айтылып жүрген 84,4% өсім қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттауға қызығушылығы артқанын көрсетеді. Бірақ бұл санның артында не тұр: халықтың шетелге шығуға мүмкіндігі азайды ма, әлде Қазақстандағы туристік бағыттардың өзі көбейіп, тартымды бола түсті ме? Осы екі факторды ажырату үшін ішкі туризммен қатар шетелге шығу, туристік шығын, жаңа бағыттар, қысқы демалыс және инфрақұрылым динамикасына қарау қажет.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

84,4% өсім нені көрсетеді?

Ішкі туризмнің өсуі бір ғана көрсеткішпен өлшенбейді. Ұлттық статистика бюросының деректерінде орналастыру орындарында қызмет көрсетілген резиденттер саны, курорттық аймақтарға келушілер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барғандар және үй шаруашылықтарының сапарлары бөлек есептеледі.

Мысалы, қонақүй нысандарының көрсеткен қызмет бойынша ішкі туристер саны 2018 жылы 4,7 млн адам болса, 2019 жылы 5,3 млн-ға жеткен. Пандемия өршіген 2020 жылы бұл көрсеткіш 3,3 млн қазақстандыққа дейін төмендеген. Кейін ішкі туризм қайта қалпына келіп, 2023 жылы орналастыру орындары 7,1 млн резидентке қызмет көрсетті.

2025 жылы қонақүй нысандарына тоқтаған ішкі туристер саны 10,1 млн адамға жетті. Бір жылда көрсеткіш шамамен 1 млн адамға өскен. Ал орналастыру нысандарының саны 4 482-ге, олардың бір мезеттегі сыйымдылығы 233 мыңнан астам төсек-орынға жетті.

Яғни сұраныс қана емес, оны қабылдайтын инфрақұрылым да кеңейіп келеді.

Қазақстандықтар шетелге шығу қымбаттағаннан ғана ел ішінде жүр ме?

Бұл – ішкі туризм өсімін түсіндіретін маңызды гипотеза. Егер қазақстандықтар шетелге шығуды күрт азайтып, соның орнына ел ішінде демала бастаса, ішкі туризмнің өсуін халықтың сатып алу қабілетімен немесе сыртқы сапарлардың қымбаттауымен байланыстыруға болар еді.

Алайда шекара арқылы шығу статистикасы мұндай қарапайым қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Қазақстан азаматтарының шетелге шығуы пандемиядан кейін қайта жанданды: 2021 жылы 3,5 млн болса, 2022 жылы 7,7 млн, 2023 жылы 10,5 млн, 2024 жылы шамамен 12 млн сапар тіркелді. 2025 жылы 11,8 млн адам сыртта саяхаттап қайтқан.

Фото: Kazinform

Демек, ішкі туризмнің өсуін «халықтың шетелге шығуға ақшасы жетпей қалды» деп түсіндіру жеткіліксіз.

Оның үстіне шетелге сапарлардың едәуір бөлігі Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты көрші елдерге жасалады. 2025 жылы осы үш бағыттың өзіне шамамен 8,7 млн сапар тіркелген. Бұл статистикаға демалыспен қатар туыстық, сауда, жұмыс, оқу және басқа мақсаттағы сапарлар да кіретінін ескеру керек.

Демек, қазақстандықтардың таңдау мүмкіндігі кеңейген бе?

Бұл сұраққа жауап іздегенде туристік географияға қарау керек. Соңғы жылдары Қазақстанда бұрыннан белгілі Бурабай, Алакөл, Алматы таулары, Маңғыстау, Түркістан сияқты бағыттарға қоса жаңа орындарды туристік өнім ретінде ілгерілетуге көбірек көңіл бөлініп келеді. 2026 жылға арналған мәдени-туристік күнтізбеге еліміздің 20 өңірінде өтетін 55 ірі іс-шара енгізілген. Оның ішінде мәдени, этномәдени, спорттық, гастрономиялық және экологиялық бағыттар бар.

Ең маңызды өзгеріс – Қазақстанда саяхаттау жазғы маусыммен ғана шектелмейтін деңгейге ойысып жатыр.

Қысқы туризм жаңа нарық қалыптастыра ала ма?

2024 жылы «Шымбұлаққа» 1,5 млн адам барған. Оның 800 мыңы қыста, 700 мыңы жазда келген. Келушілер саны бір жылда 24% өскен. Бұл 1,5 млн туристің ішіне отандық және шетелдік туристер түгел кіреді.

2025 жылдың қаңтар-қазан айларында курортқа тағы 1,1 млн турист барған. Яғни тау туризмі енді тек қысқы спорттың өзі емес, жыл бойы жұмыс істейтін туристік өнімге айналып келеді. Бұл үрдіс Шығыс Қазақстандағы Риддер мен Батыс Алтай, Алматы тау кластері секілді басқа бағыттарды дамытуға да негіз болып отыр. Туризм және спорт министрлігі Риддерді қысқы демалыстың негізгі жеті бағытының қатарына енгізді.

Фото: Алматы әкімдігі

Ал Алматы тау кластеріндегі Almaty Superski жобасы жыл бойы жұмыс істейтін тау туризмінің жаңа экожүйесін қалыптастыруды көздейді. Жоба бойынша 60 шақырым тау-шаңғы трассасы мен 11 аспалы жол салу жоспарланған.

Қысқы туризм дамыса, қонақүй, көлік, қоғамдық тамақтану және басқа да қызметтерге жыл бойында сұраныс қалыптасып, саланың маусымдылығы азая түседі.

Турист санының экономикаға қайтарымы қанша?

2025 жылы Қазақстандағы үй шаруашылықтарының ішкі сапарларға жұмсаған қаражаты 659,2 млрд теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 582,7 млрд теңге болған. Номиналды өсім 13,1% болғанмен, 2025 жылы ресми инфляция 12,3% болғанын ескеру керек. Басқаша айтсақ, туристер саны өскенмен туристік шығындардың қарқыны оған ілесе алмаған.

Ішкі сапар шығыстарының құрылымы да қызық. 2025 жылы шығындардың 25,7%-ы тауарларға, 25,5%-ы көлікке, 20,8%-ы тамақтануға, 12,2%-ы баспанаға жұмсалған. Бұл ішкі туристік сапардың едәуір бөлігі қонақүйге немесе туристік пакетке емес, жолға, тамаққа және күнделікті тұтынуға кететінін көрсетеді. Яғни «10 млн турист келді» деген көрсеткіш автоматты түрде «туризм бизнесіне 10 млн клиент келді» деген сөз емес. Елдегі туристік сапарлардың бәрі қонақүйлер мен демалыс базалары арқылы өтпейді.

Сондықтан ішкі туризмнің өсу сапасын бағалағанда туристердің санына ғана емес, олардың қанша ақша жұмсайтынына, неше күн саяхаттайтынына және сол қаражаттың қанша бөлігі ресми бизнеске түсетініне қарау қажет.

Жол қадірін турист біледі

Биыл танымал туристік бағыттарға апаратын 11 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Рахман қайнарлары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай бағыттары бар. Алматы-Өскемен жолының толық аяқталуы осы бағыттағы жол жүру уақытын төрт сағатқа қысқартты.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Теміржолда да туристік бағыттарға қосымша орын ашу жоспарланған. Жазда жаңа вагондар мен қосымша маршруттар есебінен 400 мыңнан астам қосымша жолаушы орны қарастырылған. Алакөлге Астана, Алматы және шығыс өңірлерден қосымша пойыздар іске қосылып келеді.

Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймағында жаңа әуежайлар салынып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін осы үш нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.

Бұл жобалардың мағынасы бір қарағанда қарапайым: туристік нысан қаншалықты қызық болғанмен, оған жету қиын болса, жаппай туристік бағытқа айналуы қиын.

Туризмнің табиғаттағы ізі

Туризм өскен сайын табиғи аумақтарға түсетін қысым да артады. Алматыдағы Көк-Жайлау мәселесі осы қайшылықты көрсетеді. Бір жағынан, Алматы тау кластерін кеңейту, жаңа аспалы жолдар мен тау-шаңғы трассаларын салу арқылы жыл он екі ай туризмді дамыту көзделіп отыр. Екінші жағынан, таудың экожүйесіне түсетін жүктеме мен табиғи аумақтарды сақтау мәселесі қоғамдық талқылаудың негізгі тақырыбы болып тұр.

2026 жылы Көк-Жайлау аумағында Almaty Superski тау курортын салу жобасы туралы қоғамдық тыңдаулар өтті. Жобаның қоршаған ортаға ықпалы туралы есепке қоғам тарапынан сын мен қосымша талаптар айтылды.

Демек, ішкі туризмді дамытудағы негізгі сұрақ енді «турист санын қалай көбейтеміз?» дегенмен шектелмейді. «Қанша туристі табиғатқа зиян келтірмей қабылдай аламыз?» деген мазмұнға ауысады.

Инвестицияның жартысынан астам салық

Туризмге сұраныстың өсуі салаға тартылатын инвестиция көлемінен де байқалады. 2025 жылы Қазақстанда туризмге 1,25 трлн теңге инвестиция тартылды. Туризм және спорт минстрлігінің мәліметі бойынша, осы саладан бюджетке 630 млрд теңгеден астам салық түскен. Яғни бір жылда жиналған салық көлемі туризмге тартылған инвестицияның 50%-ынан сәл асқан.

2019 жылы туризмнен бюджетке 200,5 млрд теңге салық түскен еді. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш үш еседен астам өсті деген сөз.