Ішкі туризмді қолдау: мемлекет кәсіпкерлерге жеті бағыт бойынша өтемақы мен субсидия береді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ішкі және келу туризмін дамыту мақсатында бизнеске мемлекеттік қолдаудың жеті тетігі қарастырылған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік қолдау туристік өнімдердің сапасын арттыруға, туристік инфрақұрылымды жақсартуға және кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға бағытталған.
Тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен жабдықтарға субсидия
Аспалы жолдар, қар тазалау техникасы, жасанды қармен қамтамасыз етуге арналған құрылғылар сатып алынған жағдайда шығынның 25%-ы өтеледі.
Жол бойындағы сервис нысандарына жұмсалған шығындарды өтеу
Мотельдер, жанармай құю станциялары, қоғамдық тамақтану орындары, дәріханалар мен өзге де қызмет көрсету нысандары құрылысына кеткен шығынның 10%-ы мемлекет есебінен өтеледі.
Туристік нысандарды салу немесе жаңғырту шығындарын субсидиялау
Туристерге қызмет көрсетуге арналған жаңа нысандардың немесе қайта жаңғыртылатын объектілердің құрылысына жұмсалған шығындардың 10%-ы субсидияланады.
Туристік автобустар сатып алуға өтемақы төлеу
Сыйымдылығы 8 орыннан асатын (жүргізушіні қоспағанда) автобустарды сатып алу шығындарының 25%-ы өтеледі. Автобус кемінде 5 жыл бойы туристік мақсатта қолданылуы тиіс.
Келу туризмін ынталандыруға арналған субсидия
Отандық туроператорлар елге шетелдік туристерді тартқаны үшін әр адамға 15 000 теңге көлемінде субсидия алады. Ол үшін турист елде кемінде 4 күн, 3 түн аялдап, eQonaq жүйесінде тіркелуі қажет.
Балаларға арналған ішкі әуе билеттерін субсидиялау
Ішкі туризмді дамыту аясында 18 жасқа дейінгі балалар ел ішінде тегін әуе қатынасын пайдалана алады. Бұл үшін ата-анасы туроператордан ішкі тур сатып алуы тиіс. Турпакет құрамындағы балалардың әуе билеттері 100% субсидияланады.
Санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған субсидия
Туристік аймақтар мен автомобиль жолдарының бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға ай сайын 83 300 теңге көлемінде өтемақы қарастырылған.
Министрлік мәліметінше, бұл қолдау шаралары ішкі туристер ағынын арттыруға, кәсіпкерлерге туристік өнімдерді дамытуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, салалық министрлік туризм саласына арналған цифрлық статистика жүйесін енгізбек.