ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы саяжай алабында өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 қыркүйек күні сағат 15.00-де саяжай алабында өрт шыққаны жайлы хабар түскен.
- Өрт 10 саяжай учаскесіндегі шаруашылық қора-жайларға жайылып кеткен. Қызыл жалынның шығу себебі анықталуда, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Оқиға орнында 13 техника мен жеке құрамнан 75 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Тілсіз жауды толықтай сөндіруге күшті жел кедергі келтіруде.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.