Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында 2023 жылға жоспарланған жұмыстар жайлы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д. Жылқайдарова айтып берді.
«Алдағы жылы ауыл шаруашылығында өндірілген өнімінің жалпы көлемі 601,1 млрд теңгені құрайды деп көзделуде. Агроөнеркәсіптік кешенде 75 жұмыс орнын құра отырып 58,6 млрд теңгеге 14 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 1,4 млрд теңгеге 2 жоба, мал шаруашылығында – 37 млрд теңгеге 7 жоба, қайта өңдеуде – 20,2 млрд теңгеге 5 жоба», - дейді ол.
ШҚО Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, облыс әкімінің орынбасары Е.Нұрбаевтың 2022 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген жоспарға сәйкес, 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан 120 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда.
Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 2 дәрігерлік амбулатория салынатындығынан хабардар етті. Олар Глубокое ауданы Верх-Березовка және Прапорщиков ауылдарында орналаспақ.
«Облыста туберкулезден, қан айналымы жүйесі ауруларынан және қатерлі ісіктерден болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітім азаюда. Медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлері енгізілуде, солардың нәтижесінде пациентке тезірек оңалуына және қалпына келуіне мүмкіндік жасалуда. Осы жылы облыстың медициналық мекемелеріне 9 рентген аппараты, 3 маммографиялық аппарат, аудандық босандыру қызметтері үшін 143 және емханалар үшін 146 жабдық сатып алынды. Алдағы үш жыл ішінде аудандық ауруханаларға 6 компьютерлік томография және 602 басқа медициналық жабдықтар алынбақ. Облыстық онкологиялық орталықта жақын арада онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау үшін ПЭТ-КТ пайда болады, - деліген ақпаратта.
ШҚО Білім басқармасының хабарлауынша, 2023 жылы бірқатар мектеп салынып, кейбір қала, аудандарда білім нысандарының құрылысы басталады.
«Атап айтқанда, Өскемен қаласы «Нұрлы жол» шағын ауданындағы 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Зайсан қаласы «Сауыр» шағын ауданындағы 300 орындық мектептің құрылысы аяқталады. Тарбағатай ауданы Шеңгелді ауылында 100 орындық мектеп салынады. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Өскемен қаласы 19-тұрғын ауданында 600 орындық мектептің құрылысы басталмақ. Білім ордасы 2024 жылға қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланған», - делінген мәліметте.
Бұдан бөлек, аталған жоба аясында Өскемен қаласы 19-тұрғын ауданындағы Увалиев көшесінде 600 орындық мектептің, Тимофеев көшесінде 300 орындық мектептің, Риддер қаласы Киров көшесінде 600 орындық мектептің, Шемонаиха қаласында 300 орындық мектептің, Глубокое ауданы Белоусовка кентінде 300 орындық мектептің, Опытное поле ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталады. Барлық мектептердің құрылысы 2024 жылы аяқталады деп көзделуде.
Көптілді білім беруді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы жылы орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға басымдық берілген. 400 мұғалім курстық дайындықтан өтті. Енді ауызекі қазақ тілінің деңгейін арттыру үшін тілдік ортаға толық еніп, ана тілінде сөйлейтіндердің отбасыларында тұратын жазғы тақырыптық лагерьлер ұйымдастыру жоспарлануда.
«Талапкерлер үшін облыстың жоғары оқу орындары мен колледждеріне түсу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Жыл сайын гранттар саны облыстық бюджет есебінен 10%-ға артады. Қала сыртындағы студенттердің өмір сүру жағдайлары жақсарып, жатақханалар салынуда.
Қосымша білім беру-балаларды дамытудың кең құралы. Оқушылар облыстың спорттық және мәдени іс-шараларына белсенді қатысады. Бүгінде 4000-ға жуық бала тегін спорт секцияларына қатысады. Осы жылдың сәуір айында аймақта үстел теннисі орталығы іске қосылды», - делінген хабарламада.
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы да келер жылдағы негізгі жоспардан хабардар етті.
«Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2023 жылы 117 млрд теңгеге ірі жоба іске асырылады. Соның аясында «Eco MeatVostok» жеке компаниясы Шығыс Қазақстан облысында ет өндіру кешенін салады. Осылайша, жем зауыты, қуаттылығы 3500 шошқа өсіруге жететін 3 шошқа шаруашылығы кешені бой көтереді. Инвестицияның жалпы көлемі 117 млрд теңгені құрайды», - делінген ұсынылған ақпаратта.
Туризмге қатысты айтар болсақ, өңірде осы салаға баса мән берілуде. Мұндағы жұрттың көп ағылатын жерлері – Бұқтырма су қоймасы, Катонқарағай Ұлттық саябағы мен тау-шаңғы кластері. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, Жаңа Бұқтырма жағалауы туристік орталыққа айналмақ. Онда сауықтыру орталықтары көптеп ашылып, қоғамдық тамақтану орындары да бой көтермек.
«Осы жоспар іске асырылатын болса, бұл жаққа әр жақтан ағылып келушілер қатары да күрт артады деп күтілуде. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жүгіру жолақтары, велосипедпен жүруге арналған жерлер де пайда болады. Балалар алаңы қолданысқа беріліп, су қоймасының жанында муниципалдық жағалау жұмысын бастайды», - дейді ол.
Сонымен қатар өңірде 2027 жылға қарай интернет пен ұялы байланыс желісі мүлде жоқ 117 ауылды сапалы ғаламтормен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Тиісті жұмыстар 2023 жылы басталмақ.
«Жұмыс екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде 100-ден астам халқы бар ауылдардан бастасақ, екіншісінде 100-ден аз тұрғыны бар ауылдарды қамтимыз. 2023 жылға жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 19 антенналық-мачталық құрылыс салу көзделуде», - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев.
Оның айтуынша, ауылдардағы жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған соң антенналық-мачталық құрылыстарды салу жұмыстары жалғасып, ұялы байланыс операторларымен келісімшарт жасалады.