ШҚО: Абайдың 170 өлеңін жатқа білетін оқушы айтысқа қатысып, топ жарып жүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында тұратын Айғаным Балғабаева хакім Абайдың 170 өлеңін жатқа айтып, республикалық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. 16 жастағы оқушының өзі де өлең жазып, айтысқа да қатысады. 10 тамыз – Абай күніне орай талабы таудай Айғанымды әңгімеге тартып көрген едік.
— Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ…
— Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Шалқар ауылының тумасымын. Көгедай орта мектебінің 11-сыныбында білім алып жатырмын. Зайсан аудандық «Ақберен» ақындар сыныбының жас айтыскер-ақынымын. Ауданның бас ақыны, айтыскер Сейілханов Қазбек Қабдрашитұлының шәкіртімін.
— Абай шығармашылығына деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
— Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлы мен үшін поэзия пайғамбары. Абай атамыздың шығармашылығын оқуға деген құлшынысым алғаш 5-сыныпта басталған еді. Анашым Абай өлеңдерін жаттатқызып бастау берсе, қазақ тілі және әдебиет пәнінің ұстазы, жетекшім Мәншүк Қаhарманқызы бойымдағы өжеттілігімді және есте сақтау қабілетімнің жақсы екенін байқап, алғаш Абай оқуларына қатыстырған болатын.
Сол 5-сыныпта Абай-Шәкәрім оқуларына 80 өлең жаттап қатыстым. Қанжығама жүлделі 2-орынды байладым. Одан кейін онлайн республикалық Абай оқуларына қатысып 1-орын алдым. Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналған төсбелгімен марапатталғаным бар. Жылдар бойы тәжірибемді арттырып 9-сыныпта Абай Құнанбайұлының 170 өлеңін және 1 поэмасын жаттап, республикалық Абай оқуларының 1-орын иегері атандым.
— Ұлы ақын шығармашылығындағы өзіңізге ерекше ұнайтын өлеңдер қандай?
— «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңдері мен «Ескендір» поэмасы. Абай атамыздың әр қара сөзі мен өлеңінде ұрпаққа ой салар теңіздей терең тәлім-тәрбие жатыр. Әкем кішкентай күнімнен ұлы ақынның:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап» - деген өлең жолдарын санама сіңіріп, тәрбие берді. Хакімнің осы бір асыл сөздерін көкейіме түйіп, көкжиегімді кеңейтіп, тек ақылым мен еңбегімді ұштастырып алға қарай жылжып келемін.
— Абайдың өлеңдерінің ішінде жаттауға қиын соққаны қайсысы?
— Марқұм әжем бүлдіршін күнімнен өлең жаттатқаннан кейін маған аса ауыр соқпады. Өлең жаттаған соң мәнерлеп оқу, қазылардың алдында сынға түсу, сахнада өнер көрсету әрине оңай емес. Дегенмен бойында батылдығы мен дарындылығы ұштасқан адамға бұл іс қиын соқпақ емес.
— Ал өзіңіздің ақындық қабілетіңіз қалай байқалды?
— Ақындық — жаратқанның адам бойына дарытқан өнері, асыл қасиеті. Әулетімізде бірнеше ақын бар. Ақындық қанмен тарайтын қабілет емес, қасиет. Қалам ұштаудан қалам ұстау қиын. Өлеңім тек бір бағытта жазылмайды. «Айға сыр» атты жыр жинағымда әртүрлі тақырыптардағы өлеңдер қамтылған. Шабыт көбінесе тыныштықта, түн ортасында келеді. Алдымен, ойыма өлеңнің тек тармақтары келіп, ары қарай қиялдың ұштауымен жырларымды қағаз бетіне түсіремін. Бүгінде Зайсан ауданындағы «Ақберен» ақындар сыныбының жас қаламгерімін. Облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегерімін.
— Айтысқа да қатысады екенсіз. Сол жайлы айта кетсеңіз…
— 3 сыныптан бастап домбыра үйірмесіне қатысып, 5 жылдан соң аттестат алдым. Айтысқа 8 сыныптан бастап қатысып келемін. Осы жылы қаңтар айында өңір бойынша өткен «Жыр алыбы — Жамбыл» атты оқушылар айтысында 1 орынды иелендім. Қазіргі уақытта осы айтыстың республикалық кезеңіне дайындық үстіндемін. Облыстың, ауданның, мектебімнің және ақындар сыныбының намысын қорғап, үміттерін ақтап, абыройын асқақтатып, қанжығалы қайтуға тырысамын. Маған ең маңыздысы — халықтың ықыласы. Елдің ақ пейілі мен үлкендердің берген батасынан артық сый жоқ.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай? Мектеп бітірген соң қандай мамандыққа түскіңіз келеді?
— Мектеп бітіргеннен кейін еліміздің беделді университеттерінің бірінен білім алып, өнер жолын жалғастарымын. Ақын, айтыскер атымды танытып, соңымнан шәкірт қалдырғым келеді. Бар арман-мақсатым — қазақ тілінің тұғырын биіктетіп, төл өнеріміз айтысты асқақтату!
— Әңгімеңізге көп рахмет!