Аталмыш 400 гранттың сыртында 67 бюджеттік орын және бар. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, бұл бюджеттік орындар 3 жоғары оқу орнына берілмек. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Археология және этнология» мамандығына - 10 орын, «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығына - 5 орын қарастырылған. Жергілікті С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Сауықтыру және дене шынықтыру» мамандығына - 10 орын, «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығына - 5 орын бөлінген. Ал Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға 37 орын бөлініп отыр. Оның 20-сы - «Металлургия» мамандығына, 10-ы - «Автоматтандыру және басқару» мамандығына, жетеуі - «Техникалық физика» мамандығына бағытталған.
Ең бастысы, Қазақ Ұлттық университетіне түскісі келген талапкердің ҰБТ сертификатындағы балл мөлшері 65-тен кем болмауы тиіс. Ал жергілікті қос университеттің бюджеттік орнына түсу үшін 50 балдан жоғары жинаса, жетіп жатыр. Аталмыш грант иелерінің есімі 11-15 тамыз аралығында өтетін комиссиия отырысынан кейін белгілі болмақ. Құжат қабылдау мерзімі 5 тамыздан 10 тамызға дейін ұзартылып отыр.
«Өткен жылы біздің облыстан 890 түлек шет мемлекетке оқуға кеткен. 90 пайызы Ресейді таңдады. Онда да Мәскеу мен Санкт-Петербургті таңдағандар тым аз. Көбі Том, Новосібір қалаларына түскен. Біз қосымша гранттар бөлу арқылы осы тенденцияны тоқтатсақ дейміз. Ең бастысы, осы грант арқылы оқыған түлектерге жұмыс орны дайын тұр», - дейді Әсем Нүсіпова.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанға 1304 жоғары білімді маман қажет. Жоғарыда аталған грантқа ие болғысы келгендер осы үш университеттің қабылдау комиссияларына жүгінуі шарт.