ШҚО әкімі: Бюджетті бос шығындамас үшін әр мектепке нақты қандай жөндеу керектігін анықтаймыз

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бюджетті бос шығындамас үшін әр мектепке нақты қандай жөндеу керектігін анықтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы қала және аудан әкімдерімен, білім басқармасының мамандарымен жиналыс өткізді. Күн тәртібінде мектептерді күрделі, ағымдағы жөндеу бағдарламасын іске асыру және жаңа жабдықтар сатып алу мәселесі қаралған.

«Бүгінгі таңда өңірде 644 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың кейбіреулері жөндеуді қажет етеді. Алайда қалалар мен аудандардың әкімдері нақты не істеу керектігін түсіну үшін әр мектепке комиссиялық тексеру жүргізілуі қажет», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, осылайша барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары нақтыланады.

«Бұл бюджетті үнемді жұмсау және қажетті жөндеудің сметалық құнынан асып кетуіне жол бермеу үшін жасалады. Өз кезегінде біз орта білім беру объектілерінің барлық расталған қажеттіліктеріне қаражат бөлеміз», - деді облыс әкімі.