Баспасөз мәслихаты барысында облыс әкіміне елді мекендердің атауын қазақшаландыруға қатысты сауал қойылды.
«Осы жұмысты асықпай қарастырып жатырмыз. Аз уақыттың ішінде бір ауданға басқаша атау беріледі. Бірақ та біз ұлттық мәселе - үлкен мәселе екенін білуіміз керек. Мәселен, Шемонаиха ауданында халықтың 20 пайызы қазақтар болса, 80 пайызы басқа ұлттар. Сондықтан, біз асықпай жұмыс істеуіміз керек. Тек қана бір жаққа басымдық беруге болмайды», - дейді ол.
Даниал Ахметов өз сөзінде бұл сұрақтың өзінің жерлестері үшін де маңызды екенін тілге тиек етті.
«Сөзсіз, біз әлбетте ономастикамен айналысуымыз керек. Иә, Глубокое ауданында бірқатар атаулар әлі де орысша. Шемонаиха ауданында да сондай. Бірақ, сол аудандардың мүдделерін де ескеруіміз керек қой. Әлбетте, біздің бірқатар елді мекендер өзінің тарихи атауларын қайтарады. Бұл Глубокое, Шемонаиха, Зырян ауданының бәріне қатысты. Бірақ, сонымен бірге біз бұл іске шынайылықпен келуіміз керек. Сондықтан, атауларды өзгерту мәселесіне біз баппен келеміз», - дейді облыс әкімі.