ШҚО әкімі медициналық қызметтер бағасының күрт өсуіне тосқауыл қоюды тапсырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов медициналық қызметтер бағасының күрт өсуіне тосқауыл қоюды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы бүгін қала мен аудан әкімдерімен, монополияға қарсы комитет өкілдерімен жиналыс өткізді. Соның барысында денсаулық сақтау, білім беру және демалыс саласындағы кейбір қызметтерге бағаның өсуі талқыланды.

«Қазіргі уақытта стоматологиялық және зертханалық қызметтер, кәсіптік-техникалық білім беру мен кинотеатрлардағы билет құны қымбаттады. Сондай-ақ таксидің жол ақысы екі есе өсті. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет», - деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ жиында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы сөз етілді.

«Өскеменде бүгінде 17 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Семейде 16-сы қаржыландырылған. Ал жеке тұрғын үйге қатысты айтар болсақ, мұнда инженерлік желілер жүргізілген қанша бос учаске бар екенін анықтау қажет», - деді ШҚО әкімі.