Әкіммен болған кездесуге елордада білім алып жүрген 100-ден астам үздік шығысқазақстандық студенттер қатысты. Жиын барысында елде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламаның іске қосылғанын еске салып өткен Б. Сапарбаев, «осы бағдарламаға сәйкес, Үкімет республиканың индустриялық картасын дайындалғандығын, ол картаға облыстан құны 600 млрд. теңгеден астам соманы құрайтын 29 жоба еніп отырғандығын» атап көрсетті.
Оның айтуынша, былтырдан бері 29 жобаның ішінде құны 139 млрд. теңге болатын 12 жоба іске қосылып үлгерген.
«Соның нәтижесінде жаңадан 1,5 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Жалпы қазіргі таңда облыстың экономикалық дамуы республика деңгейінен төмен емес. Жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар бар. Соның барлығы жаңа мамандарды күтеді. Индустриялық бағдарламаны орындау үшін, жаңа кәсіпорындарға заманауи технологияны енгізу үшін өздеріңіз сияқты халықаралық деңгейде ЖОО бітірген мамандар керек»,-деді Б. Сапарбаев.
«Біз, облыс басшылығы жас мамандарға жағдайлар жасаймыз. Ең бірінші ол әрине пәтер мәселесі, жол шығындары, алғашқы уақыттағы тұрмыс үшін берілетін қаржылар біздің облыстық және республикалық бюджеттен қаралады. Біз сіздерге сенеміз, сіздердің туған жерлеріңіз сіздерді күтеді»,-деп атап өтті облыс басшысы.
Назарбаев университетінде 500-ге тарта тәлімгердің 39-ы - ШҚО-дан. Жалпы Астанада Шығыс Қазақстан облысынан 854 студент оқып жатыр. Соның 220-сы үздік білім көрсетіп жүр. «Бұл біз үшін үлкен мақтаныш», - дейді Б. Сапарбаев.
Облыс басшысының айтуынша, өңір халқының 60 пайызында жоғары немесе арнауы орта білімі бар. Сондықтан әкім жас мамандарды Шығыс Қазақстан облысына келіп, индустрияландыру картасы аясындағы жобаларда жұмыс істеуге шақырды.