ШҚО әкімі шетелге оқуға кететін оқушылардың көптігі туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелге әсіресе Ресейге кетіп жатқан оқушылардың көптігі алаңдатады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мені мазалайтын мәселелердің бірі - біздің балалардың Ресей Федерациясының үздік деуге келмейтін оқу орындарында оқуға құлшыныс танытуы. Әлбетте, егер қазақстандық студенттер Англия мен Францияның жетекші университеттерінде білім алып жатса бірсәрі. Бірақ балалардың кетіп жатқан оқу орындарының деңгейі немесе білім беру сапасы жоғары болмаса, біз ол жастардың бізде қалуына құп көрер едік», - дейді Даниал Ахметов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.
 

Әкім келтірген деректерге сүйенсек, 2016 жылы Шығыс Қазақстаннан 1800 бала РФ еліне оқуға кеткен.

«Биылғы жылы тек оның жартысы, яғни 900 баланың кеткенін айтып өткім келеді. Біріншіден, әрине, ҰБТ әдістемесінің өзгергені қуантарлық жайт. Сонымен бірге, біз студенттерді жұмыспен қамту, олардың жұмысқа орналасуына кепілдік беру бағытындағы жұмысқа ден қоя бастадық. 200 грант бөліп, сол жаққа кетпек болған балаларды алып қалдық. Алдағы уақытта облыстық бюджет көзінен гранттардың мөлшері екі еселенер деген үміттеміз. Осылайша, үздік оқушыларды алып қалармыз деген ойдамын», - дейді әкім.

Өңір басшысы сөз соңында неліктен бұл бағытта жұмыс жүргізілгенін шегелей түсті.

«Әлбетте, егер ММУ-ға (Мәскеу мемлекеттік университеті - авт.) бара жатса бір жөн. Бірақ ол кетіп бара жатқан оқу орыны біздің ЖОО-дан артық болмаса, онда жас қазақстандық өз елінде қалып оқысын», - дейді Даниал Ахметов.