Облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында жылыту маусымына дайындық жайы талқыға салынды.
Бүгінде білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік-мәдени объектілер отынмен 100% қамтамасыз етілген.
«Алдағы маңызды мәселе – қалалар мен елді мекендердің тұрғын үй секторын жылыту маусымына дайындау. Қыркүйек айында көпқабатты үйлер мен орталық жылуға қосылған ғимараттардың дайындық паспорттары дайын болуы керек. Бұл жұмыс үшін әр әкім жеке жауап береді», - деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Өз сөзінде ол басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне жасандылыққа бармай, шынайы мәлімет беріп отыруға шақырды.
«Сіздер ұсынған мәліметтер шындыққа сәйкес келмей жатады. Бұны не үшін айтып отырмын? Себебі Үкімет отырысында айтылатын сандар біз берген ақпараттарға ұқсамай жататынын бірнеше мәрте байқадым. Бәлкім, кейде біздің мәліметтерді жаңартып үлгермеген болуы мүмкін. Бірақ облысымызда нақты, шынайы ақпараттар беріліп, осы тұрғыдағы жұмысты ретке келтіру керек», - деді әкім.
Облыс әкімі қоластындағыларға жылыту маусымына дайындық барысында атқаратын жұмыстарының нақты жоспарын беруге тапсырды.
«Cонда маған сіздерді бақылау, ал сіздерге маған есеп беру оңай болады. Әйтпесе ылғи «Жұмысты міне қола алайын деп жатырмыз» дей бересіздер. Ал сіздер қолға алғанша қыс басталып қоятын болды», - деді Ермек Көшербаев.
ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жалпы өңір бойынша күз бен қыс айларында халық үшін – 447,5 мың тонна, бюджеттік ұйымдар үшін – 40,9 мың тонна көмір қажет.
Сондай-ақ әкімдікте Риддердегі және Өскемендегі жылу электр орталықтарында барлық жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатқаны айтылды.