ШҚО әкімі Ұлыбританияда жүр
«5-7 наурызға жоспарланған іссапардың алғашқы күнінде ШҚО басшысы Лондондағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын аралап, ел астанасындағы қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыру жүйесінің қызметімен танысты» - делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бүгін Даниал Ахметов Еуропа қайта құру және даму банкінің бірінші Вице-Президенті Алон Пилокспен кездесіп, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды талқылады.
Іссапар облыс әкімі мен банк президенті Сума Чакрабарти арасында 5,6 миллиард теңгенің ивнестициялық жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қою рәсімімен жалғасты. Аталмыш жоба «ШҚО қалалары мен аудан орталықтарын жарықтандыру жүйесін жаңғыртуды» көздейді.
Жаңа жоба Шығыс Қазақстанның 630 мыңнан астам тұрғыны бар 6 қаласы мен 11 аудан орталығын қамтиды. Осының арқасында 32 мың энергия үнемдеуші шам орнатылмақ. Бүгінгі таңда аталмыш банк Өскемен мен Семейде ақылды жарықтандыру жүйесін енгізуге 4,8 млрд теңге инвестиция салып отыр. Оның аясында 25 мың шамды энергия үнемдеуші түріне ауыстыру жоспарланған. Мамыр айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
2015 жылдан бастап облыс әкімдігі мен Еуропалық банк 46,1 миллиард теңгенің 10 несиелік келісімшартына қол қойған. Бұларға жоғарды аталған екі жобаны қоссақ, Лондоннан Шығыс Қазақстанға тартылатын инвестиция көлемі 108,9 миллиард теңгеге жетеді.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айында өтетін Астана экономикалық форумы аясында ЕҚҚДБ мен Шығыс Қазақстан облысы арасында инфраструктуралық жобалар бойынша кезекті несиелік келісімшарттарға қол қою жоспарлануда.