ШҚО әкімі Даниал Ахметовпен соттасқан кәсіпкерлер мәселесі туралы айтты
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірде жинақталған проблемаларды шешуге қанша уақыт кететінін және бұрынғы әкім Даниал Ахметовпен соттасқан кәсіпкерлермен қарым-қатынасы қалай екенін айтып берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Данияр Кенжетайұлы Ахметов сегіз жылдан астам, тоғыз жылға жуық жұмыс істеді. Мен облыс әкімінің орынбасары қызметінде онымен үш апта жұмыс істеп үлгердім. Содан кейін мен ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыстым. Әрине, бәрі осылай болады деп ойламадым, жүрегіме жақын облысқа қайта ораларымды білмедім», - деді Е. Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімінің айтуынша, проблемалар әр уақытта болған және алдағы уақытта да бола береді.
«Мен кетерде де проблемалар болады деп ойлаймын. Біреу бірдеңе жасады деп ойлау және мен шешуім керек деген пікір дұрыс емес. Жай ғана халықтың өмірін жақсарту керек. Халықтың өмірін жақсарту үшін бизнесті дамытуға ықпал ету керек, жаңа жұмыс орындарын құру мен кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау керек, салық салынатын базаны ұлғайту және көптеген басқа мәселелерді шешу қажет. Әрине, бюджеттен ақша ала отырып, біз мәдениетті, денсаулық сақтауды, білім беруді дамыту үшін қарапайым жағдайлар жасауымыз керек. Мен бұл жұмысты өз мақсатым деп білемін және оны жалғастырамын. Мен ШҚО тұрғындарының өмірін жақсарту үшін жұмыс істеймін», - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Кәсіпкерлермен қарым-қатынас жөнінде ШҚО әкімі өзінің алғашқы көпшілік кездесуі дәл осы бизнес-қоғамдастықпен өткенін атап өтті.
«Мен адамдарды жинап, ашық жағдайда жұмыс істейтінімізді айттым. Жолдар бәріне ашық. Қара тізімге енгізілген кәсіпкерлер де болды, қандай себептермен екенін білмеймін. Мысалы Самар ауданынан өте жақсы кәсіпкер келді. Оған тендерлерге қатысуға тыйым салынған екен. Осыған қарамастан, тендер алған жергілікті жігіттер онымен қосалқы мердігерлікте жұмыс істеуге келісті. Кез келген жағдайдың шешімін табуға болады. Осылайша, ешкімді бөле-жарып, арнайы жағдай жасамаймын, ондай жағдай болмайды деп те үміттенемін, - деді Ермек Көшербаев.