ШҚО әкімі Шыңжаңның Алтай аймағының басшысы Жеңіс Хадеспен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Қытай Халық Республикасының ШҰАР Алтай аймағының басшысы Жеңіс Хадеспен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында делегациялар ауыл шаруашылығы, көлік, логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Ертіс өзені арқылы мультимодальдық тасымалдауды ұйымдастырып, «Майқапшағай-Зимұнай» жаңа шекаралық теміржолды салу ұсынылды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы мен Алтай аймағы арасында тікелей әуе қатынасын ашу ұсынылды. Делегация өкілдері 2 елдің арасындағы туризмді дамыту мәселелерін де талқылады.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев «Қанас көлі– Марқакөл көлі– Катонқарағай ауылы» трансшекаралық туризм маршрутын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын атап өтті.
Айта кетейік, бұл жоба Мемлекет басшысы жариялаған «ҚХР-дағы Қазақстан туризмі жылы» аясында өңірде туризм саласын дамытуға мүмкіндік береді.