ШҚО, Алматы және Павлодар облыстарының жолдарында «қатып қалған» көліктен 30-ға жуық адам құтқарылды

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматы облысында 19 желтоқсан күні сағат 21.30-да Райымбек ауданында,

«Кеген-Достық» тас жолының 25-ші шақырымында екі көлік пен үш адам қар құрсауында қалып қойғандығы туралы ақпарат келіп түсті. 

ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарланғандай, Алматы облысы бойынша ТЖД ТЖБ-нің күшімен (4 адам мен 1 техника) адамдар мінген көлік жолдың тазартылған бөлігіне шығарылды. Зардап шеккендер жоқ.

Сондай-ақ, кеше сағат 20.00-де Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында, Аягөз қаласына жетпей, жолдың 35-65-ші шақырымында жанар-жағармайдың қатып қалуы себепті 25 жүк көлігі жолда қалып қойды. ШҚО бойынша ТЖД ТЖБ (2 адам мен 1 техника) әкімдікпен бірлесіп (2 адам мен 1 техника) 12 жүргізушіні Аягөз қаласына жеткізді, сегіз жүргізуші сынып қалған көліктердің ішінде қалды, жүргізушілердің басым дені Аягөз қаласына жолшыбай көліктермен жетті. Зардап шеккендер жоқ.

Кеше сағат 19.00-де Павлодар облысында «Павлодар-Екібастұз» тас жолының 35-ші шақырымында бір көлік сынып қалды. ҚР ТЖМ Павлодар облысы бойынша ТЖД Екібастұз қалалық Шұғыл құтқару қызметінің күшімен (3 адам мен 1 техника) жүргізуші көлігімен бірге Екібастұз қаласына жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ.