ШҚО ауыл мектебінде оқушылар дене шынықтыру сабағын дәлізде өткізуге мәжбүр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Миролюбовка ауылының оқушылары дене шынықтыру пәнін басқалардай асыға күтпейді. Себебі бұрынғыдай доп қуып, асыр-салып ойнай алмайды. Мердігер компания жүргізген жөндеу жұмыстарынан кейін ДШ пәнін олар тек дәлізде өткізіп жүр. 

Фото: видеодан алынған кадр

Бұл туралы Kazinform тілшісіне Миролюбовка ауылындағы орта мектептің директоры Жанат Болатбекқызы айтып берді.

«Мектебіміз 1971 жылы салынған. Қазіргі уақытта 72 оқушы білім алып жатыр. Ал шағын орталықта 20 бала бар. Спорт залына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін былтыр тендер жариялаған едік. Тендерді "MEGA-STR" ЖШС жеңіп алып, жазда спорт залды жөндеген. Бөлінген сома – 6 млн 880 мың теңге», - дейді білім ордасының директоры.

Фото: мектеп директоры Жанат Болатбекқызынан

Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Еденге төселген тақтайлардың беті үстіріктелмей, шегелері шығып тұр.

Фото: мектеп директоры Жанат Болатбекқызынан

«Былқылдап тұрған еден ағаштары қатты бассаң сынып кетердей. Мұнда дене шынықтыру сабағын өткізу өте қауіпті. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, ертең оқушылар жарақат алып қалып жатса, кім жауап береді? Балалардың денсаулығы бәрінен де маңызды. Сондықтан екі тоқсан бойы дене шынықтыруды дәлізде өткіздік. Қазір 3-ші тоқсан басталды. Бірақ әзірге күн суып кеткендіктен оқушылар қашықтан оқып жатыр. Түрлі үйірмелеріміз болатын. Бәрі тоқтап қалды», - дейді Жанат Болатбекқызы.

Фото: мектеп директоры Жанат Болатбекқызынан

Қазіргі уақытта мектеп мердігер компаниямен соттасып жатыр. 

Алдағы күндері мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мамандары келіп, тексеру жүргізіп, жөндеу жұмыстарының сапасына баға бермек.

Фото: мектеп директоры Жанат Болатбекқызынан

Спорт залына тек оқушылар ғана бара алмай қалған жоқ, аптасына бірнеше рет осында келіп волейбол ойнап, спортпен айналысатын жастарға да қиын болды.

Бәрі залдың тезірек жөнге келіп, қайта ашылғанын қалайды.

Фото: мектеп директоры Жанат Болатбекқызынан
Фото: мектеп директоры Жанат Болатбекқызынан
Фото: мектеп директоры Жанат Болатбекқызынан
Фото: мектеп директоры Жанат Болатбекқызынан