ШҚО ауылындағы қаңыраған 20 шақты көпқабатты үй балаларға қауіп төндіріп тұр

Фото: Фото, видео: Айыртау ауылы тұрғындарынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Айыртау ауылында қирап тұрған көпқабатты үйлер бар. Ата-аналар «қой» десе де тыңдамай сол жаққа ойнауға кетіп қалатын балаларының қауіпсіздігіне алаңдап отыр. 

«Бізді тыңдар құлақ жоқ!»

Айыртау ауылына табаныңыз тисе әуеден бомбылап кеткен жерге келгендей боласыз. Себебі қираған үйлер көзге оттай басылады. Бұл үйлер ауылдың ажарын кетіріп қана қоймай, ойын балаларына қауіп төндіріп тұр.

Фото: Айыртау ауылы тұрғындарынан
Фото: Айыртау ауылы тұрғындарынан

— Барлығы 20-ға жуық үй бар. Бұл үйлер Кеңес үкіметі кезінде жұмыс істеп тұрған зауыт жұмысшыларының баспаналары болатын. Қазір ауылдың ішінде де, сыртында да қаңырап бос қалған. Кейбір адамдар тіпті қоқысын сол жаққа төгеді. Ал балалар болса сол маңда ойнауға әуес. «Қой» дегенді тілазарлар қайдан ұға қойсын?! Керісінше «барма» деген сайын барғылары келіп тұрады. Сол балалардың қауіпсіздігін ойлап алаңдаймыз, — дейді айыртаулықтар.

Үйлердің бірінің сыртына қауіпті екендігі жайлы жазылып, ескертіліп те қойылыпты. Бірақ одан нәтиже жоқ. Ауыл ішінде бетон плиталары да шашылып жатыр.

— Халық арасында бос үйдің бірін малына қора қылып алғандар да бар. Мәселені талай көтердік. Алайда әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бізді тыңдар құлақ жоқ! Осы үйлерді бұзып, орнына жаңа нысандар салса, ауылымыз көркейер еді, — дейді тұрғындар.

Фото: Айыртау ауылы тұрғындарынан
Фото: Айыртау ауылы тұрғындарынан

Үйлер заңдастырылып жатыр

Осы ретте, жергілікті биліктің жауабын білу үшін Ұлан ауданы әкімдігіне хабарласып көрдік.

— Қазіргі таңда иесіз қалған және ұзақ жылдар бойы пайдаланылмаған екі қабатты тұрғын үйлерді заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар аяқталған соң, ескі ғимараттарды бұзып, аумақты қалпына келтіру шаралары қолға алынады деп жоспарланып отыр, — деп жауап берді әкімдіктен.

P/S: Қираған үйлердің қаупі жайлы жергілікті әкімдік хабардар. Алдағы уақытта үйлердің бұзылатындығы да белгілі болды. Алайда әзіргі нақты уақыты белгісіз. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, шаруаның қайғылы оқиға болмай тұрып қолға алынғаны жөн. Бауыр еті балалары үшін уайым кешкен ауыл жұртшылығы да бұл мәселе жақын арада шешімін табады деп күтеді.

Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде Пантон көпіріндегі жөндеу жұмыстарынан халық ұзын-сонар кептелісте тұруға мәжбүр екендігі жайлы жазғанбыз