ШҚО ауылдарында 36 медициналық мекеме бой көтереді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдарда 36 медициналық мекеме бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов қатысуымен өткен әкімдік отырысында медицина саласын дамыту сөз етілді. Бұл салада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан барлық жобаларды іске асыруға басымдық берілген.

«Шығыс Қазақстан ауылдарында 36 жаңа медициналық мекеме бой көтереді. Ол үшін тиісті жер учаскелері таңдалды. Кадр тапшылығы мәселесін шешу де жолға қойылған. Атап айтқанда, облысқа 72 жас маман келді. Оларға қызметтік пәтер берілді», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, медицина сапасының жақсаруының арқасында өңірде бірқатар аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеді.

«Нақты айтар болсақ, қан айналым жүйелері ауруларынан өлім-жітім 18%, онкология ауруларынан 8% және тыныс алу органдарының ауруларынан 30% азайды. Осы жылдың тоғыз айында облыста ана өлімінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Босандыру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін осы саладағы аудандық дәрігерлерді ШҚО Ана мен бала орталығы базасында оқыту туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ бізде заманауи PACS деректері және оның мүмкіндіктерін кеңейту міндеті тұр», - деп қорытындылады Даниал Ахметов.