ШҚО бас экологы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алды деп айыпталып отыр
18:15, 08 Желтоқсан 2023
ШҚО экология департаментінің басшысы жемқорлық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Kazinform Антикорға сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҰҚК департаментімен бірге өзара іс-қимыл негізінде жедел іздестіру іс-шарасын өткізді.
Нәтижесінде облыстың экология департаментінің басшысы әшкере болды.
«Ол қатты пайдалы қазбаларды барлау кезінде қоршаған ортаға эмиссиялауға рұқсат еткені және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлік субъектілерінен бірнеше рет пара алды деп айыпталып отыр. Тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынды» дейді Антикордан.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.