ШҚО базарларынан әлемдік брэндтердің атын жамылған өнімдер табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан базарларында MacCofee, Starline, Іkea брендтерін жамылған контрафакт тауарлар сатылып келген. Облыстық әділет департаменті әлемдік бренд иелерінің авторлық құқығын бұзып, плагиат өнім сатқан бірнеше адамға айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жасанды өнімдердің көбін MacCofee шайлары мен Starline дабыл құрылғылары, Іkea жиһаздары мен мотор майлары құраған.

Өткен 12 айдың ішінде осы тектес 10 құқықбұзушылық анықталса керек. Барлық оқиғалар бойынша әкімшілік іс қозғалып, 907 мың теңгенің айыппұлы төленіпті.

Әділет мамандарының айтуынша, бұл тек авторлық құқығы бұзылған компания өкілдерінің шағымынан кейін анықталған жағдайлар көрінеді.

«Бізге авторлық құқығы бұзылған фирмалардың барлығы жүгіне бермейді. Көбі ол жөнінен бейхабар. Тіпті әлемге аты әйгілі өндірушілер үшін бұл сондай бір шығын да болмауы мүмкін. Бірақ, екі ортада жасандылыққа алданған қарапайым халық сапасыз өнім тұтынып, зардап шегеді, - дейді департамент басшысы Ерлан Дауылбаев.