ШҚО: бюджеттен 77 млн теңгені мердігерге негізсіз аударған басқарма басшысы сотталды

Шығыс Қазақстан облысында бюджеттен 77 млн теңгені мердігерге негізсіз аударған Құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, экс-шенеунікке қатысты ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс қаралды.

Белгілі болғандай, Шығыс Қазақстан облыстық Құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымын атқарған О. есімді азамат мамандандырылған ХҚО құрылысына қатысты орындалған жұмыс пен жеткізілген жабдықтар жайлы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер жазылған қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған. Осылайша, мердігердің шотына бюджеттен 77 млн теңге еш негізсіз аударылды.

«Сот айыпталушының өз кінәсін мойындағанын, мемлекетке келтірілген материалдық шығынды толықтай өтегенін, 4 баласының барын ескеріп, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген ақпаратта.