ШҚО-да 1,5 млн теңге қарызы бар адам елордада пойыздан түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы жеке кәсіпкерге 1,5 млн теңге қарызы бар ер адам елордада пойыздан түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарбағатай аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметінің мамандары «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында жеке кәсіпкерге 1 500 000 теңге қарыз болған 28 жастағы ер адамды тапты.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген қызметкерлер борышкердің Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке дейін билет сатып алғанын анықтады. 9 желтоқсанда елордадағы теміржол вокзалында ол пойыздан шығарылды. Енді қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Осы ретте, көші-қон қызметінің мамандары атқарушылық құжатты орындамаған адамның ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы және ҚР ҚК-нің 139-бабына сәйкес жауапқа тартылатынын ескертеді.