ШҚО-да 10 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 10 мыңға жуық мектеп табалдырығын аттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Шығыс Қазақстандағы 343 мектепте 98 мың оқушы үшін алғашқы қоңырау соғылды. Оның ішінде 9 654 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.

«Барлық мектепте салтанатты жиындар мен сынып сағаттары өтті. Жалпы облыс бойынша апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толықтай шешілген. Бүгінгі таңда жаңа білім беру нысандарын салудағы негізгі мақсат – балаларды заманауи, жайлы және қауіпсіз ортада оқыту. 2023 жылы өңірде 4 200 орындық 11 мектеп салу жоспарланған. Олардың жетеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтермек», - деп хабарлады ШҚО Білім басқармасынан.

Оқу жылы қарсаңында 70 мектепте орташа, 7 білім ордасында күрделі жөндеу жүргізілді. Биылғы оқу жылынан бастап Шығыс Қазақстандағы бастауыш сынып оқушылары еліміздің барлық облысындағыдай тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

«Осылайша, өңірдің 316 мектебінде 97 414 оқушы ыстық тамақпен, 27 мектепте 693 оқушы буфеттік тамақпен қамтылады. Осы мақсаттарға 1,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар 99 елді мекендегі 4208 баланы 128 автобус күнделікті мектепке тасымалдайды. Оның ішіндегі 11 автобус осы жылы сатып алынды», - делінген ақпаратта.