Мемлекеттен жеке тұрғын үй салу мақсатында берілетін 10 сотық жер бойынша облыстағы ахуалды білу үшін Kazinform тілшісі ШҚО Жер қатынастары басқармасына сауалхат жолдады.
— 2025-2026 жылдар кезеңінде облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін 420 жер учаскесі, оның ішінде 2025 жылы — 373 жер учаскесі, 2026 жылдың бірінші тоқсанында — 47 жер учаскесі берілді. Жалпы 2022 жылы электронды кезек басталғалы бері Шығыс Қазақстанда жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1897 жер учаскесі берілген, — деп жауап берді басқарма басшысының міндетін атқарушы Оксана Фирсова.
Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін кезекте 55 401 өтініш тұр.
— Бұл берілген өтініштердің ғана саны. Өйткені бір адамнан бір елді мекенге де, бірнеше елді мекенге де бірнеше өтініш түсуі мүмкін. Жер үй құрылысы үшін жер учаскелері негізінен облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, атап айтқанда Өскемен, Риддер, Алтай, Зайсан және Шемонаиха қалаларында беріледі, — деді Оксана Фирсова.
Құрылыс мақсаты үшін жер учаскелерін беру рәсімі облыстық және аудандық маңызы бар қалаларында толық автоматтандырылған, қалған елді мекендерде беру рәсімі ішінара автоматтандырылған.
— Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беруге сумен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда ғана жол беріледі. Ал орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер учаскелерін беруге электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана рұқсат. Азаматтардың өтініштері бас жоспарларға, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес жер тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады, — деді ШҚО Жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда жаңа арқан жолдардың құрылысы үшін жер телімдері алынатындығы хабарланған.