ШҚО-да 150-ден астам стихиялық қоқыс орны анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері 150-ден астам стихиялық қоқыс орны анықталды.

Фото: ШҚО ПД

Өңірде ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құрылған 16 мобильді топ жұмыс істейді. Олардың басты міндеті — елді мекендердегі тазалықты сақтау, абаттандыру ережелерінің бұзылуына жол бермеу және азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.

— Қалдықтардың стихиялы түрде жиналатын орындарын, әсіресе ірі габаритті қоқыстармен толған контейнерлік алаңдарды анықтауға және жоюға ерекше назар аударылып келеді. Мәселен, таяуда Өскемен аумағындағы қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жүргізілді. Аталған учаскелерде ірі габаритті қалдықтар тазартылды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Жалпы, акция басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 155 стихиялық қоқыс орны анықталып, оның 130-ы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп толығымен жойылды.

— Бұдан бөлек, биыл өңірде абаттандыру саласына қатысты 7 225 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Заңнама талаптарының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың атына 80 ұсыным енгізілді, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде қоқыс шығару тарифі өзгергені хабарланған.