ШҚО-да 150 көлік қар құрсауында қалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында полицейлер қар құрсауында қалған 150 көлікті алып шықты.

Фото: ШҚО ПД

Өңірдегі қалың қар мен жолдың дұрыс көрінбеуі жол қозғалысын айтарлықтай қиындатты.

Өскемен-Алтай, Өскемен-Риддер және Өскемен-Семей бағыттарында қозғалыс баяулап, кей жерлерде мүлде тоқтап қалған.

- Ауа райының қолайсыздығында полицейлер жолда қызмет атқаруды жалғастырып, жүргізушілерге көмек көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр. Бір күн ішінде ғана тәртіп сақшылары қарға батып қалған 10-нан астам жүк көлігі мен жеңіл автокөлікке көмек көрсеткен, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен. 

Фото: ШҚО ПД

Ең күрделі жағдай Герасимовка ауылының маңында болған. Мұнда 150 автокөлік қар құрсауында қалған. 

- Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жағдайды дер кезінде бақылауға алып, жүргізушілерге бағыт-бағдар беріп, қауіпті учаскелерден өтуге көмектесті. Соның нәтижесінде автокөліктер колоннасы қауіпті аймақтан аман-есен өткізіліп, кептеліс пен жол-көлік оқиғаларына жол берілмеді, - делінген ақпаратта.

Фото: ШҚО ПД

Еске салсақ, ШҚО-да ауа райының күрт бұзылуына байланысты ертеңге дейін жолдар жабылғаны хабарланған.