ШҚО Ақпараттық орталығында өткен онлайн брифинг барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мәлім еткендей, өңірдегі 22 476 баланың үйінде компьютерлік техника тапшы. Оның ішінде қашықтан білім алып жатқан 16 904 оқушы мектеп компьютерлерімен қамтамасыз етілген. Қалған 5 712 бала штаттық режимде білім алуда.
Оның айтуынша, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің қаржыландыруы арқылы 2 572 компьютерлік техника сатып алынған. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің қорынан бөлінген қаражат есебінен 26 509 компьютер алынды. Осы мақсатта 4,1 млрд теңге бөлінді.
«Мемлекеттік сатып алуды әділ ұйымдастыру және компьютерлік техникаларды бөлу мақсатында «Adaldyq alańy» жобалық кеңсесі төрағасының жетекшілігімен, «Nur Otan» партиясының өкілдері, облыстық маслихат хатшысы, қоғам өкілдері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жергілікті қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ қамқоршылық кеңесінің, ата-аналар қоғамдастығының, жастар ұйымдарының жетекшілерінен жұмыс тобы құрылып, жеткізуші анықталды. Қазіргі таңда компьютерлік техникаларды жеткізу жұмыстары басталып кетті. Осы бағыттағы жұмыс 15 қыркүйекке дейін аяқталатын болады», - деді Сайрангүл Жұмаділова.
Сонымен қатар жұмыс тобы компьютерлік техниканы бөлуге мониторинг жүргізеді. Бірінші кезекте аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балалар және оқу озаттары қамтамасыз етілмек.