Аймақ басшысы Даниал Ахметов әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылау мәселесі бойынша қала және аудан әкімдерімен жиналыс өткізді.
«Арнайы құрылған мобильді топтар 20 мыңнан астам сауда орнын тексерді. Соның нәтижесінде, заңды бұзудың 504 дерегі анықталған. Бұл бағаны жасанды көтеру және белгіленген сауда үстемесін сақтамауға қатысты болып отыр», - деді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, аудандарда осы бағыттағы жұмыс қалаларға қарағанда жақсы жүргізілуде.
«Мониторингілік топтар жұмысының алгоритмін түсіндіре кетейін. Олар азаматтар арыз түсірген жерлерге барып тексеру жасайды. Заңды бұзу бірінші рет тіркелсе – 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бұзушылық қайталанған жағдайда, әкімшілік айыппұл сомасы 75 АЕК-ке дейін көтеріледі. Осының арқасында қазір баға тұрақтанып келеді. Азық-түліктің бес түрінің құны төмендетілді», - деді Даниал Ахметов.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да түрме қызметкерлері 20-дан астам мұқтаж отбасыға азық-түлік жеткізгенін хабарлаған едік.