ШҚО-да 20 тамыздан бастап Рахман қайнарына апаратын жол жабылады

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында 20 тамыз бен 30 қазан аралығында «Рахман қайнары» шипажайына апаратын жолда көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жолдағы шектеу жөндеу жұмыстарына байланысты енгізіліп отыр. Нақты айтқанда, «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары» тасжолының 13 шақырымы (437–450 шақырымы аралығы) жөнделеді.

- Ені шамамен 5 метр болатын бұл жолдың бір жағы жартас, екінші жағы тік құлама. Мұндай жағдайда айналма жол салу немесе реверсивті қозғалыс ұйымдастыру мүмкін емес, - дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.

Оның айтуынша, орташа жөндеу жұмыстары аясында су өткізгіш құбырлар, арықтар және терең дренаж жүйелері салынады. Жалпы саны 17 темірбетон құбыр да орнатылады.

Ал 444–450 шақырым аралығындағы учаскедегі жөндеу жұмыстарын 20 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда Сейфуллин-Жансүгіров жолайрығы тамыз айында толық ашылатындығы хабарланған.