ШҚО-да 2024 жылы қандай жұмыстар атқарылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Жол жылы деп жарияланған 2024 жылы бірінші кезекте транзиттік маршруттарға, атап айтқанда шекара маңындағы аудандар мен туристер қатынайтын жолдарға баса назар аударылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2024 жыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы деп жарияланған болатын. Облыстағы автокөлік жолдарының жалпы желісі 5 265 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар 1238 шақырымы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «ҚазАвтоЖол» ҰК-ға қарасты. Олардың жөндеу жоспарын ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бейінді министрлікпен бірлесіп пысықтайды.

«Жол жылында өңірде бірінші кезекте транзиттік маршруттарға, атап айтқанда шекара маңындағы аудандар мен туристер қатынайтын жолдарға баса назар аударылмақ. Шығыс Қазақстанның жергілікті тұрғындары мен қонақтарының жолдардың сапасына қатысты сыны орынды. Өйткені бұл аймақтың имиджіне теріс әсер етеді. Жыл көлемінде жолдарды жөндеу бойынша, кірме жолдарды қоса алғанда ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр. Ол үшін қаржыландыруды екі есеге ұлғайту көзделіп отыр», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев бейінді басқармалардың басшыларымен және аудан, қала әкімдерімен іс-қимыл жоспарын талқылап, әрбір елді мекен бойынша барлық проблемалық учаскелердің тізімін жасауға тапсырма берді.

«Аудан орталықтары мен тірек ауылдардағы жолдар да назардан тыс қалмайды. Елді мекендердің ішінде әлеуметтік нысандарға, шығысқазақстандықтар жиі баратын сауда және қызмет көрсету саласының объектілеріне апаратын жолдар жөнделеді. Кешікпей жұмысқа кірісу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы алдын ала дайындап, мемлекеттік сатып алуларды ережелерге сәйкес жүргізу қажет. Құзырлы ұйымдар мен жұртшылық жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап отыруы тиіс», - деді аймақ басшысы.