ӨСКЕМЕН ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында 23 тонна күкірт қышқылын тиеп келе жатқан жүк көлігі аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 7 шілдеде Күршім ауданындағы Ақбұлақ пен Егіндібұлақ ауылдарының арасында болған.
«23 тонна күкірт қышқылы тиелген жүк көлігі аударылып қалды. Жол апаты салдарынан 20 тоннаға жуық күкірт қышқылы төгілген. Қазіргі уақытта арнайы техниканың көмегімен апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құқықтық баға мен кінәлілердің жауапкершілігі заңға сәйкес белгіленеді», - делінген ақпаратта.
Оқиға орнында аудан әкімі мен уәкілетті орган өкілдерінен тұратын комиссия да жұмыс істеп жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.