ШҚО-да 27 мыңнан астам оқушы қашықтан оқып жатыр

Фото: pixabay.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында оқушылар арасында маусымдық инфекция жұқтырғандар саны көбейді.

ШҚО Білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі 107 мектептің 1 504 сыныбындағы 27 610 оқушы онлайн оқыту форматына көшірілген. Мұндай шешім сыныптағы оқушылардың 30%-дан астамы сырқаттанып қалуына байланысты қабылданған.

Қашықтан оқыту форматы Өскеменнің 46 мектебінде және бірнеше ауданның білім ордаларында енгізілген. Атап айтқанда:

* Күршім ауданындағы үш мектепте;

* Ұлан ауданындағы тоғыз мектепте;

* Үлкен Нарын ауданындағы бір мектепте;

* Алтай ауданындағы сегіз мектепте;

* Зайсан ауданындағы бір мектепте;

* Катонқарағай ауданындағы бір мектепте;

* Самар ауданындағы бес мектепте;

* Тарбағатай ауданындағы тоғыз мектепте және облыстық төрт мектепте.

- Мектеп оқушыларын қашықтан оқыту форматына ауыстыру туралы шешім нақты жағдайға қарай қабылданады. Яғни, тек сырқаттанғандар үлесі 30%-дан асқан сыныптар ғана қашықтан оқуға көшіріледі. Барлық мәлімет медициналық анықтамалармен расталады, - деп хабарлады басқармадан.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында 10 мыңнан астам оқушы қашықтан оқуға көшірілгені хабарланған.