ШҚО-да 3 адам аязды күні жолда қалған
20:33, 05 Қаңтар 2021
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында аязда жолда қалған 3 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 қаңтарда сағат 16.00 шамасында №38 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары Ұлан ауданында жолда қалған азаматтарға көмек көрсетті. Белгілі болғандай, «Өскемен-Семей» тасжолында келе жатқан «Subaru outback» маркалы көлік бұзылып қалған.
«Оқиға орнына келіп жеткен құтқарушылар үш адамды ең жақын орналасқан Таврия ауылына жеткізді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД тұрғындарға алыс сапарға шыққан кезде Darmen мобильді қосымшасы арқылы жолдардың жай-күйі туралы алдын ала біліп алуға кеңес береді.