Құтқарушылардың мәліметі бойынша, өңірде ұзын саны 339 көпшілік демалыс орны бар. Оған жеке жағажайлар мен демалыс базалары да кіреді. Төтенше жағдай мамандары солардың қаншасы талапқа сай жабдықталғанына тексеру жүргізген болатын.
«Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы мен азаматтық қорғаныс мамандары барлық демалыс орындарының шомылу маусымына дайындығын тексерді. Қазіргі таңда облыс бойынша 3 жағажай шомылуға жарамды. Оның екеуі Өскеменнің Октябрь жағажайы мен Сол жағалау кешені болса, бірі Ұлан ауданындағы Шалқар көлінің жағасы. Ал Семейдегі жағдай қиын. Ертіс жағасында шомылуға арналған орын болмағанымен, тұрғындар қауіпсіздік ережелерін ысырып қойып, шомылуға құмар», - дейді төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Тимур Дидахметов.
Ал әйгілі Алакөлдің аумағын төтенше жағдай қызметінің арнайы бөлімі тексеріп жатыр. Үржар ауданы әкімдігінің өтініші бойынша басталған тексеру бірнеше олқылықты анықтапты.
«Бүгінге дейін көл аумағында 50-ден астам жерге шомылуға тыйым салатын белгі орнатылды. Құтқару бекеттеріне 29 адам қарауылға қойылды. Аймақ бойынша 2000-нан астам өзен-көл бар. Оның бәрі шомылуға жарамды деген сөз емес», - дейді департамент өкілі.
Жыл басынан бері, Шығыс Қазақстанда 9 адамның ажалы судан келген. Қайғылы оқиғалар Ұлан, Үржар, Глубокое, Шемонаиха, Аягөз аудандары мен Өскемен, Семей қалаларында тіркелген.