Аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскеменде салынып жатқан гематология орталығына мамандар даярлау мәселесі бойынша жиналыс өткізді.
«Бұл еліміздегі бірегей көпфункционалды медициналық мекеме болмақ. Онда заманауи диагностикалық, зертханалық және басқа да жабдықтар орнатылады. Оның тілін түсінетін медициналық қызметкерлеріміздің болуы шарт. Осыған байланысты мен денсаулық сақтау басқармасының басшысына штаттық кесте құруды тапсырдым», - деді облыс әкімі.
Аталған кестеге сәйкес дәрігерлер мен қызметкерлерге медициналық техниканың белгілі бір түрлерімен жұмыс істеу үйретіледі. Нәтижесінде орталық ашылғаннан кейін олар бірден толықтай жұмысқа кіріседі.
«Бүгінде оқу бағдарламамыз бойынша 29 дәрігер біліктілігін арттыру үшін Израильге аттанды. Олардың бірнешеуі балалар онко-гематологиясы бойынша жұмыс істейтін болады. Басқа мамандар Санкт-Петербург, Минск клиникалары мен университеттеріне оқуға барады. Бұдан бөлек, біз 4-ші қалалық аурухана базасында гематология орталығының қажеттілігіне орай ковидтік бөлімшелер мен стационарларда жұмыс істеген медбикелерді қайта оқытатын орталық ашамыз. Осылайша, бұл медициналық мекемеде жоғары технологиялық жабдықтар ғана емес, білікті қызметкерлер де болады», - деді Даниал Ахметов.