Өңір бойынша әкімшілік рақымшылық аясында 32 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершіліктен босатылып, жалпы сомасы 880 млн теңгеге жуық айыппұл бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Бұл туралы ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Игорь Клишин мәлім етті.
- Шығыс Қазақстанда әкімшілік рақымшылық аясында 60 мыңнан астам әкімшілік іс қысқартылған. Рақымшылыққа іліккен азаматтарға қатысты барлық рәсім автоматты түрде жүргізіліп, шешімдер Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі арқылы қабылданды. Азаматтарға қабылданған шешімдер туралы SMS-хабарламалар жіберілген, - дейді ол.
Рақымшылық аясында атқарушылық іс жүргізулер тоқтатылып, қойылған шектеулер алынып тасталып, бұрын ұсталған көліктер иелеріне қайтарылды. Барлық рәсім азаматтардың қатысуынсыз цифрлық форматта жүзеге асырылды.
Еске салсақ, осыған дейін рақымшылық аясында Павлодарда борышкерлердің 200 млн теңгеден астам айыппұлы кешірілгені хабарланған.