Су басқан 33 елді мекеннің ішінде Өскемен, Семей, Аягөз және Шемонаиха сынды қалалар да бар. Кешегі тәулік ішінде апат салдарымен күреске Төтенше жағдайлар комитетінің жеке құрамынан 500 адам жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тасқын салдарын жою жұмыстарына 116 техника, 54 су соратын құрал, 7 қайық қолданылғанын хабарлады. Департаменттің дерегіне сүйенсек, бүгінге дейін 897 үйден су қайтқан. Глубокое ауданында 22 үй, Шемонаиха ауданында 4 үй әлі су құрсауында тұр.
«Өткен тәулікте негізгі оқиғалар Семей қаласында өрбіді. Қала әкімінің өкімімен шаһарда төтенше жағдай жарияланған болатын. Қазір мұнда 141 жер үйге, 596 саяжай ғимаратына су кіріп, 220 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрғындарға келген материалдық шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды» - делінген ресми мәліметте.