Бұл жайлы бүгін онлайн форматта өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қайрат Чакпантаев мәлім етті.
«Облыс бойынша қаңтар оқиғасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабымен (рұқсат етілмеген митингке қатысу) 500-ден астам іс қаралған. Нәтижесінде 352 адам 15 күнге әкімшілік қамауға алынып, 77 адам айыппұл төлеуге міндеттелді», - деді ол.
Қайрат Чакпантаевтың айтуынша, әзірге қылмыстық істер сотқа жетпеген.
Полицейлер әлі де сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
«Бұл істер сәуір айында сотқа жетеді деп күтілуде. Жалпы өңірде азаматтарға қатысты ҚР ҚК-нің 272-бабы (Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру) және 269-бабы (Ғимараттарға, құрылыстарға және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу) бойынша 70 іс қозғалған», - деді сот алқасының төрағасы.