ШҚО-да 37,4 мың адам санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда жұмыс істеген

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда 37,4 мың адам санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда жұмыс істеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ШҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.

«Өндірістегі жарақаттануды азайту, заңнама талаптарының сақталуына бақылау жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатында облыста 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспары бекітілген. Бүгінде 14 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы жүзеге асырылып жатыр, онда 64 адам жұмыс істейді. 704 өндірістік кеңес құрылған. «VisionZero» атты нөлдік жарақат тұжырымдамасына 25 ұйым қосылып отыр», - дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров

Оның айтуынша, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы, полиция департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, облыстық кәсіподақ орталығы және шағын және орта бизнес қызметкерлерінің кәсіподағы арасында өндірістік жарақаттану фактілерін жасыру фактілерінің алдын алу мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

«Өткен жылы мониторинг барысында кәсіпорындардағы 37,4 мың адам санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейтін жағдайда жұмыс істегені анықталып, тиісті шара қабылданды. 76,1 мың адам зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 23 миллиард теңгеден астам сомада өтемақы алды», - дейді басқарма басшысы.

2022 жылдың тамыз айынан бері өңір бойынша 2798 қызметкері бар 168 кәсіпорын жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасқан.


Соңғы жаңалықтар