Алтай ауданының прокуратурасы бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау саласына жүргізген талдау барысында «Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ-дағы МКК мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзғанын анықтады.
Прокуратураның мәліметінше, медициналық мекеме жеткізушілер алдында бұрын жеткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер үшін мерзімі өткен берешектің қалыптасуына жол берген.
– Прокурорлық қадағалау актісі негізінде ауданаралық аурухана 37 кәсіпкерлік субъектісі алдындағы жалпы сомасы 106,47 млн теңгені құрайтын мерзімі өткен берешекті толық көлемде өтеді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Ведомствоның атап өтуінше, қабылданған шаралар мемлекеттік кәсіпорынның бизнес алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.
Прокуратура кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықты сақтау және қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру өз қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Түркістан облысында кәсіпкерлер 200 млрд теңгені шетелге заңсыз шығарғаны анықталды.