ШҚО-да 4 бұлғынды заңсыз аулаған адам ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында 4 бұлғынды заңсыз аулаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы барысында заңсыз аң аулаған 59 жастағы тұрғынды ұстады.

«Белгілі болғандай, оның омарта шаруашылығының маңында бұлғындар мекендеген. Мұны көрген ер адам үйінен қақпан алып шығып, аңдарды аңдыған. Сол кеште қақпанға бұлғынның бірі, келесі күні тағы үшеуі түсіп қалды. Ол аңдардың терісін сыпырып, етін итке берген», - делінген ақпаратта.

Жауап алу барысында күдікті өз кінәсін толықтай мойындады. Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігіне (Заңсыз аң аулау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.