ШҚО-да 4 көлік соқтығысып, 2 адам зардап шекті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 4 көлік соқтығысып, 2 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол апаты 13 наурызда сағат 11.00-лер шамасында «Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолында болған.

«Васильевка мен Сажаевка ауылдарының арасында келе жатқан 3 «Lada» мен 1 «Ravon Nexia» маркалы автокөліктер соқтығысты. Сондай-ақ «Lada 21214» көлігін тізгіндеп Өскеменге қарай келе жатқан 56 жастағы жүргізуші рульді басқара алмай қалып, аталған 4 көліктің қасында тұрған 2 адамды қағып кеткен. Зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілді», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.