ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Малиногорск ауылдық округінде 40 гектарға жайылған тілсіз жау сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін таңғы сағат 06.15 шамасында өрт сөндірушілер, орманшылар мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері Малиногорск ауылдық округінде шыққан дала өртін өшірді.
«Қызыл жалынның жалпы ауданы 40 шаршы метрді құраған. Өртке оранған орман аумағы анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Шығыс Қазақстанда ашық далада өрт шыққандығын хабарлаған болатынбыз. Оқиға орнына 6 өрт сөндіруші, жергілікті атқарушы органның 50 қызметкері, 5 орманшы және 3 техника жұмылдырылған еді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.