ШҚО-да 400-ге жуық адам бір мезетте Қызылтас тауына шықты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында әр түкпірінен келген туристер биіктігі 900 метр болатын Қызылтас тауына бір мезетте көтерілді.

Фото: Ұлан ауданы әкімдігі

Шығыс Қазақстандағы туристік маусымның ашылуы Ұлан ауданынан басталды. Қазақстанның әр түкпірінен келген туристер биіктігі 900 метр болатын Қызылтас тауына көтерілді. Фестивальге барлығы 400-ге жуық адам қатысты. 

Фото: Ұлан ауданы әкімдігі

Жиналғандарға тауға шыққаннан бөлек, тарихи экскурсия, джип-тур, атпен серуендеу, садақ ату, жәрмеңке және әуе шарымен серуендеу ұйымдастырылды. 

Фото: Ұлан ауданы әкімдігі

«Қатысушылар саны бұдан да көп болар еді. Елдегі су тасқыны жағдайына байланысты өтетін мерзімі шегерілді. Содан болар, басында 700 адам келеді деп топшылаған шараға келушілер саны 400-ге дейін кеміді. Дегенмен осы сынды турлар өткізу арқылы Шығыстың туризмін дамытуға болады. Осы жаққа арнайы келген кей адамдар тікұшаққа билет алып, Өскемендегі қонақүйлерде тұрақтады. Өскеменнен бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларынан келді», – деді шараны ұйымдастырушылардың бірі, кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров.

Құтқарушылар алдын ала учаскелерді бөліп, көпшілік жүретін жерлерге белгі орнатқан. Жұрт сол арқылы тауға шықты. Бүркітші Бақытбек Манайұлы қазақы болмысты көрсетіп, құсын Қасым Қайсенов кентінен арнайы әкелген. Туристер оны айналшықтап, суретке түсуге асықты.