Ағажаевтар шаңырағының ыңтымағы жарасқан. Дәурен мен Альбина үлкен отбасы құруға бірден шешім қабылдапты. Ерлі-зайыптының екеуі де төтенше жағдайлар қызметінің офицерлері. 4 бала тәрбиелеп отырған отбасының ортақ ережесі – күнде кешке дастархан басына төрт көздері түгел жиналып, өздерінің жеңістері мен жеңілістері жайлы айту, ой бөлісу. Бірге болу, бірін-бірі үнемі қолдау – олардың басты күші.
Әбікеновтар отбасында 5 бала. Рауан мен Айманның шаңырақ көтергендеріне 17 жыл. Олар бір-бірін 1 сыныптан бері таниды. Екеуі көп қиындықты бірге көрді. Осы уақыт ішінде ең бастысы – отбасындағы береке мен өзара түсіністік екендігіне көздері жетті. Айман мамандығы бойынша – экономист, заңгер. Ал Рауан қызметін қарапайым өрт сөндірушіден бастап, қазір Марқакөл аудандық ТЖБ бастығы лауазымына дейін көтерілген. Әбікеновтер отбасында барлық бюджет пен шығын әйелінің мамандығы арқасында нақты және дұрыс бөлінеді. Әкелерінің арқасында үйде барлық қауіпсіздік ережелері сақталған.
№ 19 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Рашид Ганиевтың интернационалды отбасында екі ұл бала өсіп келеді. Олар екі тілде еркін сөйлейді, мәдени іс-шараларға әркез қатысып отырады. Рашид пен әйелі Татьяна екі этнос дәстүрінің ұштасуы әлдеқайда қызықты деп санайды.
«Біздің үйде қуаныш та, қайғы да ортақ. Ал екі ұлттың асханасы өз ерекшеліктерімен сүйсіндіреді», - дейді Рашид Ганиев.
Бақыттың кілті - отбасы. ШҚО ТЖД құтқарушылары әр адамға үйдегі атмосфераны жылылықпен, түсіністікпен, жауапкершілікпен құру керектігіне кеңес береді.