ШҚО-да 5 жылдан бері апаттық жағдайда тұрған Үйдене су қоймасы қайта жаңартыла ма

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы 5 жылдан бері апаттық жағдайда тұрған Үйдене су қоймасы қайта жаңартылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметінше, бүгін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасына барып, ондағы ахуалмен танысты. Бұл гидроқұрылыс 1966 жылы салынған. Содан бері ол жерді суару үшін пайдаланылады. Су қоймасында 75 млн текше метр су жиналады және 4 магистралды канал бар.

«Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры Нұржан Әміржановтың айтуынша, нысан 2018 жылдан бері апаттық жағдайда тұр. Өйткені 2016 жылы басталған қайта жаңарту жұмыстары тексеру кезінде анықталған жобалық сәйкессіздіктерге байланысты тоқтатылған.

Жобалық-сметалық құжаттаманы түзету бойынша өтінім Қаржы министрлігінің қарауында. Жобаның шекті құны – 2,3 млрд теңге. Республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге қажет.

«Үйдене су қоймасының Зайсан ауданы үшін стратегиялық маңызы бар. Сондықтан мәселе Қаржы министрлігімен бірлесіп қаралады. Менің ойымша, бұл нысан мемлекет меншігінде қалуы керек», - деді Әлібек Қуантыров.