ШҚО-да 60-қа жуық дәрігер Түркия, Германия елдерінде біліктілік арттырады

Фото: Фото: Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында келер жылы 60-қа жуық дәрігер Түркия, Германия және Ресей елдерінде біліктілік арттырады.

Шығыс Қазақстанда 2025 жыл — «Денсаулық сақтау» жылы деп жарияланды. Бұл туралы бүгін облыс мәслихатының кезекті он тоғызыншы сессиясы барысында мәлім болды. 

— 2024 жыл өңірде — «Жол жылы» болып жарияланған. Соның барысында 600 шақырым жол жөнделді. Бұл рекордтық көрсеткіш. Осы оң тәжірибені және денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымының қазіргі жағдайын ескере отырып, 2025 жылды «Денсаулық сақтау жылы» деп жариялау туралы шешім қабылданды, — деді облыс әкімі Ермек Көшербаев. 

Келер жылы бұл салаға жұмсалатын қаржы көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Нақты айтқанда, осы жылмен салыстырғанда 1,7 есе артып, 46 457,2 млн теңгені құрамақ.

Сондай-ақ, 21 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізу, 126 медициналық құрал-жабдық пен 36 жедел жәрдем көлігін сатып алу көзделген. Жыл көлемінде 57 дәрігер Түркия, Германия, Ресей елдерінде білім алып, 66 дәрігер резидентурада оқытылады.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны 17,7 пайызға көбейгені хабарланған.