ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Зайсан ауданы Мұқашы ауылында жалпы салмағы 600 тоннадан асатын 2000 бума шөп өртенген.
Құтқарушылардың жедел және үйлесімді іс-қимылының арқасында қызыл жалынның басқа аумаққа таралуына жол берілмеді. Көп ұзамай тілсіз жау оқшауланды.
«Өрт көрші құрылыстар мен шаруашылық қора-жайға таралған жоқ. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД қызметкерлері өңір жұртшылығына шөпті сақтау және жинау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да егін жинау кезінде комбайн отқа оранғаны хабарланған.